ГҮЛГЕ АЙНАЛҒАН БАЛЫҚ
ГҮЛГЕ АЙНАЛҒАН БАЛЫҚ

Өмірде біз мән бере бермейтін көптеген оқиғалар бірінен соң бірі үздіксіз өтіп жатыр. Кейде оңаша қалғанда, ойыңа өткенді оралтып, саралап көресің. Нені дұрыс, нені бұрыс істедім деп ойланады екенсің. Соның ішінде бір қызық әрі ғибратты, басымнан кешкен оқиғамен сіздермен бөліссем деп едім...

Шаңырақ көтеріп, бөлек отан иесі болғанымызға әлі бір жыл тола қоймаған кез еді. Ауылды жерде тұрамыз. Ауасы таза, қаланың бітпейтін у-шуы мен көліктердің дыбысынан ада, жаныңа жайлы жер екен. Жаздың орта кезі. Тұңғышыма аяғым ауыр болатын. Күндердің күнінде жолдасым екеуміз әңгімелесіп, қызықты жастық шақпен бөлісіп отырмыз. Әңгімеміз өрлей беріп, кішкентай балықтардың дәмді болатыны, оны қуырса сүйегі білінбей кететініне дейін барды. Жолдасымның өз ауылы көлдің маңы. Бір кезде есіме осы ауылда да шағын көл бар екені есіме түсіп кетті. Бәкенің (жолдасым) де балық аулауды жақсы көретінін біліп, "сондай балық жегім келіп тұр" дедім. Сонымен, ертеңіне ол балық аулауға баратын болды. Жүктілік қаншалықты тәбетке әсер ететінін, жеріктік дегеннің қандай боларын біле бермедім. Себебі, "ананы-мынаны жегім келіп тұр" деп айта бермеймін. Дегенмен, Алла берген ризықтан жеміс-жидегімді толтырып қоятын. Бірақ, сол күні ана балықты елестетіп, жегім келіп тұратын сияқты. Ертеңіне жолдасым балық аулауға досымен бірге жиналып жатыр, қарны ашып қалмасын деп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, шайын термосқа құйып, ыдысын салып, шығарып салдым. Өзім үйдің тірлігін жасап жүрмін, біршама уақыт өткен сияқты. Газға қазанымды қойып дайындалып жатырмын. Бір кезде есік қағылды, кім екенін сұрасам жолдасым. Қуанып кетіп, есікті ашып жіберіп едім, бір уыс даланың сарғылт гүлі бетіме тақала қалды. Ар жағында жан жарым екі езуі екі құлағында, көздері жайнап, бір жағынан бір нәрседен қысылып тұрған секілді. Иә, гүлді алдым, "балық қайда?" десем, "бүгін балық болмады, досыма да ілінбеді, құр қол келгеніме қатты қысылғанымнан, жол бойы саған гүл теріп келдім" дейді. Балықты күткенім рас, гүлді күтпеп едім. Бәрінен бұрын, күйеуім сол күні өзін ыңғайсыз сезініп, қайта-қайта қысылғаны сезіліп жүр. Ол қысылмасын деп, "балық болмаса болмасын, гүліңіз әдемі екен" деймін. Өзін кінәлі сезінгендегі көздерді осыдан есіме сақтап қалыппын.

Қазір Аллаға шүкір ұлды болып, ол кез өтіп кеткен. Бірақ, осы оқиға есіме түссе, әлі күнге дейін күлеміз. Әйел күйеуіне разы болатын қырлары өте көп болады, бірақ күнделікті тірлікте біз оған мән бермей, өзіміздің қалауымыздай болмаған болмашы нәрселерге ренжиміз де жүреміз. Тұрмыстық өмірдегі тәжірибем аз болғанмен, айтпағым, әйелдер, сіздерге күйеуіңіз тарапынан жасалған кішкентай жақсылықтың өзін қадірлей білсеңіздер, күйеуіңіз Алланың алдында сізге қамқор болып, дүниелік қажеттіліктерін мойныма аламын деп өткен, "батыр" екенін ұмытпаңыздар. Аға-іні, бауырларым, әйел деген, бәрі айтатындай тілін түсінбейтін алып бір механизм емес, оған күніне бір-екі жылы сөз айтып, күліп қарасаңыз да жеткілікті.

AnarAnar
2 жыл бұрын 587
10 пікір
  • Анар имандылықтың өзегі болған порталдың ақ парақшасына хош келдіңіз! Отбасының берік болуы, қашанда ерлі-зайыптылардың арасындағы түсіністікке байланысты. Ал бұдан олардың арасында әсем үйлесімдік туындайды. Әрине оның қайнар бастауы имандылықты жатыр. Немесе француз жазушысы Антуан-де Сент-Экзюперидің сөзімен айтсақ "Махаббат дегеніміз-қыз бен жігіттің бір-біріне қарауы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы". Рахмет Сізге! Қаламыңыз шыңдала берсін!
    2 жыл бұрын
    • Anar
      әмин! Рахмет сізге де, ыстық ықыласыңызға! Отан-отбасынан басталады емес пе, халықтың иманмен сусындауына, Әуелі Алла, тамшының бір кіші бөлігіндей үлесім болса деген ниет.
      2 жыл бұрын
  • Машалла! Керемет! Әпкетай, артыңыздан ілескен сіңлілеріңізге осындай ақылға ақыл қосатын жазбаларыңызды күтеміз! Кеңестеріңізден де бөлісе жүргейсіз:)
    2 жыл бұрын
  • Машалла! Осындай жеңгелердің ақылынан айналаның.
    2 жыл бұрын
  • Ай бәрекелді!
    2 жыл бұрын
  • Бахытыңыз баянды, қуанышыңыз ұзағынан болсын. Алла тіл-көзден сақтасын.
    2 жыл бұрын
  • Жақсы дүние екен. Рахмет!
    2 жыл бұрын
  • Өмірден алынған Шынайы, қарапайым оқиғалардың əсері де ерекше болады.
    2 жыл бұрын